«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ
0
Мақалалар

СӨЗТАНЫМ   

 

Елбасының  2025 жылға  дейінгі  жоспарына  сәйкес қазақ тілі кирилицадан латын қарпіне ауыстырылады. Сол уақытқа дейін кірме  әріптер  әліпбиімізден  біртіндеп  жойыла бастайды. Сонымен бірге, қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігінен, тіл  білімінің зерттеушілерінің  жаңалықтарынан  хабардар  болып  отыруыңыз керек.

 

Құрметті газет оқырмандары «Г», «Ғ» әріпінен басталатын сөздердің тізбегін назарларыңызға  ұсынамын:

 

ГИССАР. ГИССАР ҚОЙЫ - Қылшық жүнді, құйрықты қой тұқымдастарының бірі. Тəжікстанның Гиссар өңірінде шығарылған. Бұл аймақта гиссар, қазақы, құйрықты қойлардың барлығы да өзара қатынаста болғандығы дəлелдейді...

 

ГНУ - зат. зоол. Аша тұяқты сүт қоректілердің бір туысы. Гну Африканың шығысы мен оңтүстік жазық жерлеріне тараған. Түйеқұстар  қырағы  көрінетін  де, гну  мен  квагги  сезгіш келеді.

 

ГӨЙТ  -  е т і с т і к. қ а р а п. Мылжыңдау, бөсу. [Мұратай] Ол маған жайлаудан  көрген - баққанын жылдай  г ө й т і п, әңгіме  соқты ...

 

ГУАНДАЙ - зат. Қытай еліндегі мəнсап атауларының бірі; бес болыстың басшысы. Сол үшін осы Күнестегі  бес болыстың  бірі мені қолбасшылыққа тағайындап, гуандай деген мəнсап беріп отыр.

 

ГУЛИГАЗ - зат. Қаракөл елтірісінің бір түрі. Сан алуан түсті елтірілердің ең бағалысы – сұр елтірі. Мұнан кейінгі  орынды  көк, гулигаз, қара, қызыл қоңыр жəне басқа түстегі елтірілер алады.

 

ГҮРТХАНА - зат. көне. Шығыс қалаларындағылардың шарап, ас ішетін орны. Бүгін түскі тамақты Пышақшы гүртханасынан ішіп едім. Сонда əлгі шырақшы шалды көрдім .

 

ҒАЗАТ: ҒАЗАТ ҚЫП - ар. Соғыс жариялап. Ал бірақ Əбілфайыз болды асы, Өлімге лайық еді бар жазасы. Ғазат қып соның үшін пəрмен еттім, Қылышпен кесілсін деп оның басы...

 

ҒАЗИЗДІК - зат. Қадірлілік, ардақтылық, ізгі ниеттілік; адалдық, пəктік. Ғазиздердің қадырын білген жандар, Қос ғұмыр ғазиздікпен сүрген жандар. Кітап  құрап алмасын баспа қылып, Дін іслəмға пайдасы тиген жан ...

 

ҒАЗІРӘҺІЛ - зат. ар. сөйл. Əзірейіл. Кімде кімнің жазулы сағаты жетеді екен, Ғазірəһіл Ғаділ Жаппар періште жетіп келіп: «Айда, жүр, сен өлдің» дейді  екен. 

 

ҒАПЫЛДЫҚ - ар. зат. Білмегендік, бейқамдық, алаңғасарлық, қапылдық. «Базардан неше түрлі тамақ алсам, Ішетін сусын үшін арақ алсам, Ғапылдықпен ішер еді бұлар білмей, Ішіне біреуінің зəһар салсам»

 

ҒАРШАҒЫЛ - зат. көне. Алла Тағаланың ғарыштағы мекені. - Есімнен танып кетіп көзімді ашсам, ғаршағылдың төрінде отыр екем.

 

ҒИБАДАТШЫЛЫҚ - зат. Құдайға құлшылық, дінге бойұсынғандық. Патшалықтың белгісі, Қарсы тұрып өлуге, Жұрты үшін бас байласа. Анық патша сол болар, Ел риаты түзеліп, Ғибадатшылдық ойласа ...

 

ҒИБРАТШЫЛЫҚ - зат. Үлгі - өнеге боларлық, тəлім - тəрбиелік. С. Мұқанов өзінің зерттеулерінде шығыс əдебиетінің  қазақ əдебиетіне  жасаған  ықпалын  дастаншылық, ғазалшылық, ғибратшылық деп үш топқа  бөліп жүйелеп түсіндіргені мәлім ...

 

ҒҰМЫРНАМАЛЫҚ - Хасанның «Елім – айлап  өткен өмір» атты ғұмырнамалық ғажайып кітабын оқып, үнемі қатар жүргендей сезінемін.

Жалғасы бар...

 

Б.Қалиев. Қазақ  тілінің  түсіндірме сөздігі. Алматы, 2014

 

          

                                                                                                         

                                                                                       Баян  Сәруарқызы,

     Арқалық қалалық  тілдерді оқыту 

орталығының  директоры


Жаңа әліпби – мемлекетті тілді сақтаудың коды

 

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың және ана тіліміздің әрі қарай қанат жаюына бастайтын басты бағыт – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Сөйтіп қазақ тілінің жазу мәдениеті жаңғырып, жаңа әліпбиді ұлттық тілімізді сақтау кодына айналдыра аламыз. Ол жайында Елбасы: «...Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» - деген болатын. Олай болса, әліпби – ұлттық жазудың, ал жазу – ұлттық мәдениеттің ең басты көрсеткіші екенін ұғынғанымыз абзал.

Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында мақұлданған жетілдірілген әліпбидің құрамындағы әрбір таңба – ақпаратты, мазмұнды сақтаушы, халықтың сөйлеу, жазу мәдениетінен хабар беруші, тілді және оның негізгі заңдылықтарын сақтаушы кодтар. Оның құрамында 31 таңба ұсынылған. Алдыңғы нұсқалардан ерекшелігі – тек қазақ тілінің төл әріптерінің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес /яғни дыбыстық өзгешелігіне қарай дауысты мен дауыссыз, қысқа, ызың, т.б. қасиеттеріне сай/  умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбаларымен берілуі. Ал кирилнегізді әліпбидегі 9 әріпті (ю, ё, я, ь, ъ, ц, ч, щ, э) қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне қарай икемдеп айтатын боламыз.

Жалпы, қазіргі таңдағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар, батыл қадамдар, шешімдер – ұлтымыз үшін, оның болашағы үшін жасалған маңызды қадамдар деп білемін.

 

 

 Жазира Мизамханқызы,

Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері


Ағылшын тілі курсына шақырамыз!

 

Ағылшын тілі – компьютер, әлемдік ғылым, мәдениет тілі. «Біз, қазақтар, әлемдік ғылым мен мәдениетке орыс тілі арқылы шықтық. Бірақ қазір ағылшын тілін меңгеріп, көкжиегімізді кеңейте түсуіміз қажет», - деп елбасы Н.Ә.Назарбаев айтқан болатын. Олай болса, еліміздің шет елдерімен қарым-қатынасы күшейіп отырған кезде қазіргі тіл үйренушілердің  ағылшын тіліне қызығуын, білімге деген құштарлығын ояту, танымдық белсенділігін арттыру әрбір оқытушының  міндеті.

 

Арқалық қаласының калалық тілдерді оқыту орталығында ағылшын тілін оқып үйренемін деушілердің саны жыл сайын артуда. Сол себепті аталған орталықта ағылшын тілін оқып үйренем деген кез келген жанға жақсы мүмкіндік жасалған. Ағылшын тілін оқытудағы басты мақсат - тыңдаушыларға шетел тілінде сөйлеуді үйрету, әлеммен байланыста болу және ортақ тіл табысу, сабақ  барысында  жаңа  технологияларды  қолдану  арқылы  әрбір  тыңдаушының  ойлау  қабілетінің  дамуына, пікір алмасуға, еркін  сөйлеу әрекеттерін жандандырып, сауатты жазуына толығымен мүмкіндік туғызу.

 

Ағылшын тілі курсында өткен жылы барлығы 7 топ 146 тыңдаушы оқыды. Бастауыш деңгейде 3 топ, жалғастырушы деңгейде 4 топ бар. Жыл басында 77 тыңдаушы кіріс тест тапсырып курсқа қабылданып, олар А1 және А2 деңгейлік бағдарламалары бойынша 2 жыл мерзімінде 100 сағаттық курсты меңгерді.

 

Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің 2020 жылғы 12 наурыздағы «Қазақстан Республикасында пандемия кезеңінде коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуына жол бермеу жөніндегі шараларды күшейту туралы» №20-ПГВр қаулысының 2.4 тармағын «оқытудың кабинеттік жүйесін тоқтату» жайында хат келіп, бұйрық шығып, сабақтар қашықтықтан оқыту жалғасын тапты.  Биылғы жылы карантинге қарамастан курста ZOOM платформасы, WhatsApp әлеуметтік желілері арқылы бастауыш және жалғастырушы деңгейдің сабақтары толығымен онлайн түрде өткізіліп, жыл соңында 69 тыңдаушы ағылшын тілінен Online Test Pad бағдарламасы арқылы қорытынды емтихан тапсырды. Сондай-ақ оларға  ағылшын тілі курсының «Pre-Intermediate A2» деңгейін сәтті аяқтағаны үшін онлайн режимде сертификат табысталды.

 

Аталған курс алдағы уақытта да өз жұмысын жалғастыратын болады. Осы орайда қалалық тілдерді оқыту орталығына қазақ/латын/, ағылшын тілдерін үйренем деушілерге ақпан айынан бастап курстар басталатынын хабарлаймыз. Тегін тіл үйренуге ниет білдірген қала жұртшылығына әрдайым  калалық тілдерді оқыту орталығының есігі ашық! 

 

Ағылшын тілінің  оқытушысы

 Гүлнұр Райханқызы

 

 


АБАЙ АРМАНЫ - ХАЛЫҚ АРМАНЫ

 

 

 

                                                                    Абайдың «Толық адам» концепциясы,

шыңдап келгенде, өміріміздің

кез- келген саласының,

 мемлекетті басқару мен білім жүйесінің,

бизнес пен отбасы институтарының негізгі

тұғырына айналуы керек деп есептеймін

Қазақстан Республикасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

 

Абай - қазақ халқының бас ақыны, ағартушы, публицист, қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы, аудармашы, сазгер ретінде ел тарихында өшпес із қалдырды. Оның өлеңдері мен қарасөздерінде ұлт болмысы, бітімі, тұрмысы мен тіршілігі, дүниетанымы, мінезі, тілі, рухы көрініс тауып, кейін «Абай әлемі»- деген бірегей құбылыс ретінде баға­ланды.Абай өлеңдері ән әуеніндегі «Сегізаяқ», «Айттым сәлем, Қаламқас», «Желсіз түнде жарық ай» тағы басқа туындылары қазақтың халық музыкасында ерекше  орын алады. Абай өлеңдерінің тақырыбы жан-жақты, әлеуметтік аясы кең. Халықты өнерге, білімге, ғылымға шақырады, әрі жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін махаббат өлеңдері болып келеді. Сондықтан Абай өлеңдері XIX ғасырдағы «қазақ қоғамының айнасы» деп те аталады.

 

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегінің бірі - қара сөздері.  Жалпы саны қырық бес  шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Абайдың дүние танымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы күнделікті өмір тәжірибесінің нәтижесінен ғана туындайтын табиғи құбылыс. Соңдықтан да Абай "Он тоғызыншы сөзінде": "Адам ата-анадан туғаңда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады... Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, соңда іске жарайды, сонда адам десе болады", — деген  үзіндіде  ойын  одан әрі кеңіте отырып дамытатынын  көруге болады. Менің пайымдауымша, қазақтың рухани мұрасы  Абайдың қарасөздері мен  өлеңдерінде екені айдан анық.

 

Осы жылы қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойының аталып өткені баршамызға мәлім. Астанадағы  салтанатты жиында Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова: «Ұлы Абай шығармашылығының өзегінде елдің қамы, қуанышы мен қайғысы, келешегі, арман-мұраты тұр. Жаңа қоғам мен жаңа адамды қалыптастыру идеясы да Абайдан басталады. Ол елдің үнемі алға жылжуына, өсіп-өркендеуіне шын ниетімен тілеулес болып, халқымызды жаңа өмірге бейім болуға шақырды. Хәкім Абайдың тіл үйренуді және жаңа кәсіп игеруді ерекше дәріптегенін жақсы білеміз». «Әсіресе, мақтан мен масылдық  психологиядан  арылып, адамды еңбек етуге үндеді. Ұлы ойшылдың ғибратты сөздері тәуелсіз Қазақстанның жаңа серпінмен дамуы үшін қажет. Сондықтан бұл мерейтойдың танымдық және тағылымдық мән-маңызы өте зор», - деп атап көрсетті.

 

Ал, өткен  жылы  хакім Абайдың мерейтойы құрметіне, ақын шығармаларынан үзінді оқу эстафетасы өтті. Осы орайда, Ләйлім атты оқушы қыз ұсынған бұл республикалық шараға мемлекет басшысы Қасым - Жомарт Тоқаевта  қатысқан болатын. Мектеп оқушылары, жастар, ел азаматтары, тіпті әлемдік деңгейдегі танымал тұлғаларға дейін зор қызығушылық танытып, лезде іліп әкеткен бұл бас­тама бірнеше айға ұласқан болатын. Соның арқасында бүкіл Қазақ­стан Абай мұрасын тағы бір зерделеп шықты. Бұл – Абайға деген құрмет, әрі ұрпақты тәрбиелеудің тиімді тәсілі. Абай жырларын оқу челленджі біздің қаламызда да жалғасты.

 

Сондай- ақ, қалалық тілдерді оқыту орталығы ұйымдастырған "Абай оқулары" атты онлайн байқауы өтті. Аталған байқаудың 1, 3, 4 - кезеңдері орталықтың инстаграмм парақшасына орналастырылды. Әр қатысушының бейнематериалдарына  оқырмандар  лайк пен пікір қалдырған болатын.

 

Ал 2-ші кезең 2 бөлім:1) Quizizz - те Абайға қатысты 10 тест сұрақтарына жауап беру;   2) ZOOM платформасында ұлы ақынның латынграфикасында берілген қарасөздерін таңдаған ұяшыққа сәйкес оқып беру арқылы өткізілді. Нәтижесінде: І орын Ы.Алтынсарин атындағы гимназия мұғалімі - Анар Гиссиноваға, ІІ орын №10 орта мектептің мұғалімі - Айдана Түгелге, ІІІ орын М.Әуезов атындағы орта мектептің  мұғалімі - Бақытгүл  Баймаханға, ІІІ орын Арқалық медициналық колледжінің оқытушысы - Сағыныш Ыбырайға бұйырып, дипломға  ие болса, Арқалық политехникалық колледжінің студенті - Эльмира Өмірзаққызы орталықтың алғысхатымен марапатталды.

 

«Текті Абайдан үлгі ал, өскелең жас!» Қашықтықтан өткен бұл байқау 3 кезеңнен тұрды. І-ші кезең «Асыл сөзді іздесең...» –Абай Құнанбайұлының даналық сөздерін латын графикасында жазу, ІІ - ші кезең «Өлең – сөздің патшасы...» - Абайдың кез келген өлеңін жатқа оқу, соңғы кезең - «Абай қара сөздері – даналықтың шыңы» ақынның кез келген қарасөзін мәнерлеп оқу. Қазақ тілінің тыңдаушылары  аталған кезеңдер бойынша әзірлеген бейнематериалдарын электронды  түрде әлеуметтік  желілер  арқылы ( WhatsApp, Instagram, Facebook, VKontakte, т.б.) тапсырды. Бейнебайқауға Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінен-3, Арқалық медициналық колледжінен-1, Қазтұтынуодағы Арқалық көпсалалы колледжінен 2,  Арқалық қазақ жасөспірімдер театрынан-2, барлығы 8 тыңдаушы  қатысты. Барлық бейнебайқауға қатысқан тыңдаушылардың жұмыстары қазылар алқасының шешімімен сараланып, қорытындыланды. Бағалауда шығармаларды оқу барысындағы музыкалық фон, тақырыпқа сәйкес атрибуттар, сөйлеу мәнері, дауыс ырғағы ескерілді. Бейнебайқау қорытындысы бойынша І орын Арқалық қазақ жасөспірімдер театрынан қатысқан әдеби драма бөлімінің меңгерушісі- Г.С. Жумабаева алса, ІІ, ІІІ орындарға  Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжінің оқытушылары - Л.Б. Ақылбекова мен Н.Р.Оразов ие болды. ІІІ орынды – Қазтұтынуодағы Арқалық көпсалалы колледжінің оқытушысы - Ж.С.Әбіш иеленді. Байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері диплом, алғысхаттармен марапатталып,  сыйлықтар табысталды.

 

Мамыр айында «Ұлылырдың ұлысы - Абай» атты  Әулиекөл ауданды байқау ұйымдастырып, оған қаламыздың  атынан Ы.Алтынсарин атындағы АрқПИ студенті - Нұрдана Тұрысбек қатысып, ІІІ орынға ие болды.

 

Сондай- ақ, онлайн челленджге 17 бейнеролик жарияланды. Челленджге қатысқандар орталық қызметкерлері, қазақ тілінің тыңдаушылары Абайдың әнін, өлеңін және қарасөздерін оқыды. Қорытындысы бойынша, төмендегі тыңдаушыларымыз  Р. Ахметов, Ә.Дүйсенбина, А.Асылбекова, Б.Едіресова, К.Ерғалиева, Г.Тұрмағанбетова марапатталды

 

10 тамыз күні қазақтың ұлы ақыны Абай күніне орай қазақ тілі курсы тыңдаушыларына  «Абай – дара, Абай – дана қазақта» тақырыбында танымдық  сабақ өтті. Сабақ барысында бейнеролик көрсетіліп, Абай Құнанбайұлы  жайлы толық қашықтан мәліметтер берілді.

 

Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті тарапынан "Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу жөніндегі жалпыреспубликалық  жоспардың" 21-тармағын орындау үшін 10-11 қыркүйекте "Ұлы Абай - халық жүрегінде" атты диктант өтті. Жалпыхалықтық диктантқа  қаламыздан 119 адам белсене қатысты. Диктант қорытындысы бойынша  қаламыздағы №2 ОҒӘК басшысы Қ.Бөрібаева, "Алпамыс" және "Раушан" бөбекжай балабақшаларынан Б.Едіресова, Г.Байгабылова үздік диктант жазғаны үшін марапатталды.

 

Аталған іс шаралардыңдың мақсаты – Ұлы Абай қалдырған рухани мұрасын өскелең жастардың бойында қалыптастыру болып табылады.

 

Абай мұрасы – біздің ұлт болып бірігуімізге, ел болып дамуымызға жол ашатын өшпес байлығымыз. Жалпы, өмірдің қай саласында да Абайдың ақылын алсақ, айтқанын істесек, ел ретінде еңселенеміз, мемлекет ретінде мұратқа жетеміз. Абай мұралары – бүгін де, болашақта да өзінің өміршеңдігімен мәңгі жасайтын ғажап туындылар.  Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал. Абайдың өсиет - өнегесі ХХІ ғасырдағы жаңа Қазақстанды осындай биіктерге жетелейді.

 

Арқалық қаласы әкімдігінің

қалалық тілдерді оқыту

орталығының директоры Баян Саруарқызы


                 

Жетілдірілген әліпбидегі дауыссыз Ш дыбысының таңбалық мазмұны

       

Мемлекет басшысы Қамыс-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әліпбиді жетілдіруді тапсырғаннан кейін еліміздегі беткұстар тіл мамандары мен ғалымдар бірігіп жазуымызды жаңғырту жумыстарын бастап кеткен болатын. Қазіргі таңда әліпбидегі дауыссыз Ш дыбысының таңбалық мазмұнына арнайы тоқталып кеткенді жөн көрдім. Бұған дейін ресми түрде бекітілген әліпбиде sh диграф арқылы таңбаланған Шш дыбысы көңілге қона қоймап еді. Соңғы нұсқада Ш дауыссыз дыбысындағы әріпасты (ш) диакритикасының (седиль Şş) арқылы берілуі қазақ жазуының реформаторы, ұлт көсемі А.Байтұрсынұлының  бір дыбысқа – 1 таңба принципіне сайма сай келеді. Өз басым қолдаймын. Себебі туыстас түркі халықтарының тәжірибесінен белгілі бұл таңба бізге жақын деп ойлаймын. Айталық, мына мәтінді оқып көрейік:

Şañyrağyñ şattyqqa tolsyn!

Şyqqanyñ şyñ bolsyn!

Ūlyñ bolsyn onşaqty,

Qyzyñ bolsyn monşaqty.

Tɪlegenɪñ perɪştenɪñ qūlağyna şalynyp, qabyl bolsyn!

            Eş jamandyq bolmasyn! Alla ɪsɪñdɪ oñdasyn!

 

Тексеру үшін:

Шаңырағың шаттыққа толсын!

Шыққаның шың болсын!

Ұлың болсын оншақты,

Қызық болсын моншақты.

Тілегенің періштенің құлағына шалынып, қабыл болсын!

Еш жамандық болмасын! Алла ісіңді оңдасын!

 

Баян Саруарқызы

қалалық  тілдерді  оқыту орталығының  директоры

 

     Қазақша оқы, латынша жаз

 

Қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі Ұлттық комиссия жанындағы орфографиялық жұмыс тобының шешімін негізге ала отырып, қалалық тілдерді оқыту орталығы мектеп, колледж, институт тіл мамандары арасында сынама сабақ өткізді. Құрметті оқырмандар,  академиялық  сабақты Сіздердің  назарларыңызға ұсынамын!

 

Сабақ тақырыбы: Жетілдірілген қазақ әліпбиінің  құрамымен таныстыру, әліпбидегі әріптер атауы мен дыбысталуын үйрету.

 

Мақсаты: жетілдірілген әліпби жобасымен таныстыру, қазақ тіліндегі әріп пен дыбыс арақатынасын, әліпбидегі әріптердің дыбыстық мәнін түсіндіру, әріпүсті белгілермен  алынған 4 дауысты дыбыстың  таңбасын таныту, осы  әліпбимен  жазып - сызудың  қарапайым бастапқы дағдысын қалыптастыру

 

Дауысты дыбыс таңбаларындағы (ә, ө, ү, ұ) әріпүсті диакритикалардың жазылым мен оқылымдағы жүйесіне тапсырма орындату  (умлаут Ää, Öö, Üü;  макрон Ūū).

 

Сипаттама: Жетілдірілген  әліпби  жобасында 4 дауысты  дыбыстың  таңбасы  әріпүсті  диакритикалық  белгілермен  алынған.

 

Умлаутпен: Әә (Ää), Өө (Öö), Үү (Üü);

 

Макронмен: Ұұ (Ūū)

 

Жазылым бойынша тапсырма:

 

Көп нүктенің онына тиісті әріптерді қойып жазып шығыңыз

 

k...rkem, ...dıs, d...n, m...denіet, b...іterek; ...rıs, ...mırşeñ, k...sem, b...rık, ...rdıs, ...kımet, j...іe, t...begeіlı, sır..., k...m...n, z...mz...m, b...lb...l, mağl...mat, m...jbür, jazğyt...rym,d...ld...l, d...st...r, k...ilek, q...lyn, j...zım, j...rek, d...rys, j...dyryq

 

Тексеру үшін: (көркем, әдіс, дән, мәдениет, бәйтерек, өріс, өміршең, көсем, бөрік, үрдіс, үкімет, жүйе, түбегейлі, сірә, күмән, зәмзәм, бұлбұл, мағлұмат, мәжбүр, жазғытұрым, дүлдүл, дәстүр, көйлек, құлын, жүзім, жүрек, дұрыс, жұдырық)

 

Дауыссыз Ғ, Ң  дыбыстарының  таңбалық  мазмұны

 

Мақсаты: әліпби құрамындағы дауыссыз (ғ, ң) дыбыстарының әріптерімен таныстыру, әріпүсті диакритикаларының қойылу мазмұнын түсіндіру және олардың жазылым  мен оқылымдағы жүйесін  cынамалау.

 

Сабақтың мазмұны:

 

Латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиінің құрамында ғ және ң дауыссыз дыбыстары диакритикалық белгілердің негізінде таңбаланды. Ғ дыбысы бревиспен берілді /Ğğ/. Бревис – қысқа дыбыстарды белгілеу үшін қолданылатын диакритикалық белгі. Халықаралық жазу практикасында танымалдылығы жоғары. Бұл таңба түркі тілдері әліпбилерінің барлығында дерлік қолданылады. Ğ әрпі сөздің басында не ортасында жазылады.

 

Мұрынжолды дауыссыз ң дыбысын таңбалау үшін тильда диакритикасы алынды (˜). Сонда ң дыбысының латын графикасындағы тұрпаты мынадай болады: ñ. Бұл таңба түркі тілдерінен қырымтатар, татар сондай-ақ, баск, испан т.б. тілдердің әліпбилерінде бар. ñ әрпі сөздің ортасында не соңында жазылады.

 

/ң/ дыбысын таңбалау. Қайсы таңба қолайлы: Ññ ба, Ŋ ŋба? Сөздерді оқыңыз:

           Jañbyr, tañğajaiyp, qoñyrau, mañdai, meñ, jañğaq, sañyrauqulaq, teñız, jeñıl, señ, kereñ, añ, tañerteñ,     

           keñes, keñırdek, jeñge, qañyltyr, sergeldeñ, ıñır, sırıñke, keñpeiıl, toñğaq, jeñ, dañğaza, mañ, teñge,   

           syrğanaq, zañğar, kӧñıl, zeñbırek.

 

Jaŋbyr, taŋğajaiyp, qoŋyrau, maŋdai, meŋ, jaŋğaq, saŋyrauqulaq, teŋız, jeŋıl, seŋ, kereŋ, aŋ, taŋerteŋ, keŋes, keŋırdek, jeŋge, qaŋyltyr, sergeldeŋ, ıŋır, sırıŋke, keŋpeiıl, toŋğaq, jeŋ, daŋğaza, maŋ, teŋge, syrğanaq, zaŋğar, kӧŋıl, zeŋbırek.

 

Тексеру үшін: Жаңбыр, таңғажайып, қоңырау, маңдай, мең, жаңғақ, саңырауқұлақ, теңіз, жеңіл, сең, керең, аң, таңертең, кеңес, кеңірдек, жеңге, қаңылтыр, сергелдең, іңір, сіріңке, кеңпейіл, тоңғақ, жең, даңғаза, маң, теңге, сырғанақ, заңғар, көңіл, зеңбірек. (жалғасы бар...)

                                                                              Баян Саруарқызы

                                                       қалалық  тілдерді  оқыту орталығының  директоры

 


 «Біздің таңдауымыз – латынға көшу»

 

Осындай тақырыпта Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы онлайн режимде дөңгелек үстел өткізді. Онлайн бас қосудың өзектілігі: латыннегізді әліпбиге көшу үрдісі қорытынды кезеңге таяды. Сондықтан күн тәртібіндегі мәселе өте өзекті.

Бүгінде санамызды сілкінтіп, заманның өзі талап еткен бұл бастама көпшіліктің қызу талқысында жүргені мәлім.

Онлайн шарада басқарма басшысы Г.Мендекинова модераторлық етіп, «Тілдарын» тілдерді оқыту  орталығының басшысы Ж.Ербатырова тілдерді оқыту және қазақ тілінің латын графикасындағы жаңа әліпби мен емле ережелерін оқыту бағытындағы жұмыстарын баяндады. Шара барысында облыстың әр өңірінен қатысқан тарихи тамыры терең тұғырлы тіліміздің тілекшілері – тіл жанашырлары түйткілді мәселені жан-жақты талдап,  латынға көшуді қолдайтындықтарын білдіріп, өз ойларын ортаға салды.

Дөңгелек үстелге Арқалық қаласының тілдерді оқыту орталығынан қатысқан  әдіскер Ж.Мұханбетжанова баяндама оқып, келешекте қазақтың барлығы мемлекеттік тілінде сөйлеп, монотілді ұлтқа айналған кезде қазақ тілін латынға көшіру жолдары едәуір жеңілдейтінін атап өтті.

Сондай-ақ, әр ауданның мемлекеттік тілді еркін меңгерген, белсенді этнос өкілдеріне де сөз беріліп, латын графикасына көшкенде ағылшын және басқа шет тілдерді оқып үйренудегі кездесетін жеңілдіктер жайлы айтылды. Демек, жазу реформасына қатысты кез келген қазақстандық өз таңдауын жасағаны анық.

Олай болса, келешекте еліміз өркениеттен қол үзбей, игілікті істі тезірек жүзеге асыру жолында жұдырықтай жұмыла, жүйелі жұмыстар атқаруымыз қажет!

 

 

 

Орталық әдіскері Жазира Мизамханқызы

 


Онлайн режимдегі өңірлік семинар

 

Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың 2019 жылдың 21 қазанындағы тапсырмасына орай «Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ латыннегізді қазақ әліпбиін жетілдіру барысында атқарылған жұмыстар мен жаңалықтар жайлы жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Сондай шаралардың бірі қазан айының 5-ші жұлдызынан бастау алған – өңірлік семинар.

Қазіргі таңда күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің  бірі болып саналатын – қазақ тілін латын графикасына көшіру аясында "Жаңа әліпбимен бірге жаңғырайық" деген тақырыпта ұйымдастырылған іс-шара елімізде орын алған жағдайға байланысты онлайн режимде өткізілуде. Арқалық қаласына қарасты барлық ауыл-аймақтағы тұрғындардың, оның ішінде жергілікті жерлердегі әкім аппараттары қызметкерлерінің қатысуымен өтіп жатқан шарада жұртшылық назарына түсіндірмелі, танымдық бейнероликтер ұсынылып, жалпы қазақ жазуының тарихы баяндалып, латыннегізді әліпбиді жетілдірудегі жаңалықтар сөз етілуде.

Бүгінде өңірлік семинарға барлығы 120-дан астам адам қатысты. Аталмыш шара қазан айының соңына дейін жалғасын табатын болады.

 

 

 

 

Орталық әдіскері Жазира Мизамханқызы

 


Жаңа  әліпбиді  жетілдіру   жалғасуда

«Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек...»,-деп мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тапсырма бергелі аталған бағытта еліміздің білікті де белді ғалымдары білек сыбана іске кірісіп кетті.

Бүгінде қазақ жазуының латын әліпбиіне көшуі тіліміздің келешек ғұмырын айқындайды. Бұдан аңғаратынымыз, келер ұрпақ үшін тіліміздің тағдыры жаңа қазақ әліпбиінің дұрыс жасалуымен тікелей байланысты. Сол себепті де тап қазіргі уақытқа дейін қанша әліпби жобасы талқылауға түссе де нүктесі қойылып, мәселенің шешімі табылар емес.

Еліміздегі эпидемиялық жағдайға қарамастан әліпбиді жетілдіруге байланысты тілші-ғалымдардың ұсыныстарын ортаға салу, пікір алмасу, сондай-ақ кейбір дыбыстардың таңбалануын ғылыми тұрғыдан пысықтау мақсатында онлайн режимде түрлі іс-шаралар өтуде. Солардың бірі Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Ұлттық комиссия жанындағы Орфографиялық жұмыс тобының кеңейтілген республикалық онлайн отырысында жетілдірілген әліпбидің нұсқасы, ондағы жаңалықтар жайы сөз етілген болатын. Аталған бағытта жасалған жүйелі жұмысты ұсыну маусым айыныңы алғашқы онкүндігіне жоспарлануда.

Бұған дейін ҚР Тұңғыш Президенті, Елбасы Н.Назарбаев бекіткен акутты әліпбиді түбегейлі алмастыру көзделіп отыр. Ендігі ұсынылмақ әліпбидің жобасында 4 диакритикалық белгілер (умлаут, седиль, макрон, бревис) қолданылған. Бұл тегіннен-тегін емес, яғни әрбір белгіні өзіндік қасиеттеріне қарай пайдалану дұрыс деген пікір білдіруде. Мәселен, дыбыстың жіңішке екенін білдіретін умлаутпен ә – ä, ө – ö, дауға айналған «у»-дың мәселесін  у – u,  ұ – ū,  ү – ü, ш – ş, ғ – ğ, ң – ƞ немесе ñ  деп жазу ұсынылмақшы. Сонлай-ақ «ы» мен «і» дыбысын таңбалауда әріптердің тұрқы ұқсас болуы керек деген пікірлер мен й дыбысы үшін y таңбасы алынғаны дұрыс деген уәждер талқыдан өтуде.  «Таяқты екі ұшы бар» демекші, бір жағынан, бұл да дұрыс па деген ойда қаласың, ал енді екінші жағынан бір ғана әліпбиде бірнеше диакритикалық белгілерді қолданудың қажеті қанша деп қоясың. Десе де, төл дыбыстарымызды жоғалтпас үшін, дыбысты бір ғана таңбамен белгілеу үшін диакритикалық белгіден бас тарта алмайтынымыз рас.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қазақ жазуының латын әліпбиінде таңбалануын бекітіп беру бір күннің не бір жылдың жұмысы емес. Бастысы, ұлттық әліпбиді жасау жолында тек тілші-ғалымдар ғана емес, баршамыз бірлесе, «аққу, шортан һәм шаян» болмай, ортақ шешіммен мәселенің түйінін тарқата алсақ тамаша болар еді!

 

Жазира Мизамханқызы

 Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы  әдіскері

 


 

«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ қазақ  тілі курсының оқытушысы Смагулова Ж.К.

 

«Қазақ жазуының тарихы: бүгіні мен ертеңі»

 

Қазақ жазу тарихында әліпби жүйесі бірнеше тарихи кезеңдерді басынан өткізіп, ұлттық әліпби деңгейіне жеткендігі баршамызға аян. Біз бірнеше ғасыр бойы араб графикасына негізделген әліпби жүйесін, 1929-40 жылдар аралығында латын графикасына негізделген әліпбиді және 1940 жылдан бері қарай  кирилл графикасын қолданған жазу тарихы орасан зор халықпыз.

Ал қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру арқылы реформалау Қазақстан тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері айтылып келе жатқан идея болатын.

Ұлт көшбасшысы – Елбасы 2017 жылы сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында жаңа қазақ әліпбиіне кезең-кезеңімен көшу бойынша нақты шешімдерін көрсетіп, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің біртұтас стандартты үлгісін әзірлеуді тапсырған болатын. Осыдан кейін тілтанушы ғалымдар мен ІТ мамандар бірлесе отырып бірқатар жобалар әзірледі. Алғашқы нұсқада қазақ тілінің төл дыбыстары диграф белгілерімен таңбаланды, одан кейін апострофты таңбалармен берілді. Аталған екі нұсқада да кемшіліктер туындап, халық арасында наразылықтар орын алды. Ал соңғы нұсқасы 2018 жылы 20 ақпанда бекітілгені де естеріңізде болар. Бұл әліпбиде диакритикалық акут белгілері және екі әріп диграфпен таңбаланатын болып шешіліп еді. Соңғы нұсқа да сынға ілігіп, қазіргі таңда жетілдіру жұмыстары жүргізіліп, талқылану үстінде. Қысқасы, басында үлкен дау туындап үрке қарағанымызбен қазір жалтақтауымызды қойып, ұлттық кодымызды, ұлттық құндылығымызды сақтап, ұлт ретінде дамуымызды басты мақсатқа айналдыру жолында тілтанушыларымыз бен ғалымдарымыз жұмыла жұмысқа кірісіп жатыр.

Ұлт көсемі А.Байтұрсынов атамызша айтсақ, елінің бүгіні емес, ертеңі үшін алаңдаған зиялылармызға қолдау көрсету біздің азаматтық парызымыз деп есептеймін. Себебі жаңа әліпби ұлтымыздың санасын құрсауланған бұғаудан босатады, ұлттық санамыздың қайта жаңғыруына жол ашады. «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» десек сол тіліміз, яғни жаңа қазақ әліпбиі қазақ елін биіктерге бастайтынына сенімім кәміл!


Молдабекова Балайым Өмірзаққызы
қалалық тілдерді оқыту
орталығының оқытушысы

 

 

 

ЖАҢА ӘЛІПБИ - РУХАНИ ДАМУДЫҢ ДАҢҒЫЛ ЖОЛЫ

Тіл тарихын білмей, тілді дамыту мүмкін емес. Өзінің бүкіл саналы өмірін қазақ жазба тілін лексикалық шұбарлықтан, басқа тілдердің синтаксистік ықпалынан тазартумен айналысып, қазақ тілі ғылымын дамытқан ғалым Ахмет Байтұрсынұлы былай деп жазған: «...Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін, ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек. Өз алдына ел болуға, өзінің тілі, әдебиеті бар ел ғана жарай алатындығын біз ұмытпауға тиіспіз. Бұл мәселеде біздің халқымыз оңды емес. Осы күні орыс школы мен татар мектептерінде оқып шыққандар қазақ тілін елеусіз қылып, хат жазса, өзге тілде жазып, қазақ тілінен алыстап барады. Бұл, әрине, жаман әдет. Егер тілге осы көзбен қарасақ, табиғат заңына бағынбай, біздің ата-бабаларымыз мың жасамаса, ол уақытта тілмен де, сол тілге ие болған қазақ ұлтымен де мәңгі қоштасқанымыз деп білу керек.» Шынымен де мемлекеттік тілге деген көзқарасымызды түзейтін уақыт келгенін мойындауымыз қажет.

Тіл – халықтың ділі, жан дүниесі. Тіл ұлт күретамырындағы тіршілік көзі – қан іспетті. Оның өн бойында халықтың ділі мен діні, салты мен санасы бұрқырап тасып жатады. Ұлттың ұлт ретіндегі өмірінің қалыптасуы немесе жойылуына себеп болатын бірегей фактор да осы тіл. Бұл мәселені жіті түсінген А. Байтұрсынұлының: «Өз ұлтына басқа жұртты қосамын дегендер әуелі сол жұрттың тілін аздыруға тырысады... Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл. Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», – деген сөзінің жаны бар. Біз Ахмет Байтұрсынұлы құрған әліпбиге мұқият зер салып қарайтын болсақ, онда қазіргі халқымыздың тіреліп отырған тіл мәселесінің шешімін оның XX ғасырдың басында-ақ шешіп кеткеніне ғылыми түрде толық көзіміз жетеді.

Қазақ тілі – біздің рухани құндылығымыз, өркендеу жолымыз. Осы жолда тілдің халықаралық мәртебесін көтеру – еліміздің әлемдік өркениетке жетуінің басты кепілі. Ал, жаңа әліпби – бүкіл әлем қазақтарын біріктіретін өте маңызды фактор. Біздің ұлттық сана-сезім, рухани дамуымыздың даңғыл жолы қазақ тілінің жаңа әліпбиінен басталатынына еш күмән жоқ. Өйткені, дүйім жұрт жаңа әліпби арқылы әлемдік өзгерістер көшіне еркін араласа алады, өрлеу мен дамудың жаңа сатысына көтеріледі.

 


 

Латын әліпбиге - жаңа инновация

«Кез - келген ұлттың әліпби таңдауы тек жазу үлгісін таңдау емес.Бүгінде Қазақстан халқы да заман көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр.Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын графикасында жарық көреді. Ал ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуі- рухани жаңғырудың ең шешуші кезеңдерінің бірі. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам.

Латын әліпбиіне көшу кезең- кезеңмен жалғаса береді. Нақты белгіленген кесте бар.Сол жүйеден ауытқымаймыз. Бірақ қоғамдық пікір, әліпбиді қолдану барысындағы артықшылықтар мен олқылықтар ескеріледі.
Қасым - Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Приезиденті
Бүгінде заман талабы болған латын графикасына кезең - кезеңмен көшу бойынша іс - шаралар жоспары мен оның кестесі де бекітілген - ді. Айтар болсам; білім беру саласы бойынша 0 сынып 2020 жылы,1 сынып 2021 жылдан бастап жаңа әліпбимен оқытыла бастайды. Ал, мемлекеттік органдардың ісқағаздары 2023 жылы, БАҚ және баспа құралдары 2025 жылы толығымен көшу жүзеге асырылады.Көпшіліктен «әріп басына нүктені қалай қоямыз»?- деген сұрақтар жиі қойылады. Бірінші тәсіл, бұл акут (`) белгісін қою үшін қойылатын әріптен кейін «0301» санын теріп, артынан тез Алт + X комбинациясын басасыз. Екінші тәсіл, «Қою / Вставка» «Рәміз /Символ» «Баска рәміздер/ Другие символы» және ашылған парақтан «кәдімгі мәтін /обычный текст» шрифтін, сосын «Обединенные диякр.знаки» таңдаймыз. Соңында қажетті белгіні тінтуір арқылы тауып, «Қою» басамыз. Бұл белгіні көп пайдаланатын бұйрықтар тақтасына бекітіп қоюға да болады. «Қою» «Рәміз» «Басқа рәміздер» ішінде біз үлгі ретінде мынандай көзге көрінетін (`) акут белгіні таңдадық. Мұнда (`) белгісінің басқа да бірнеше түрі бар. Оларды да жоғарыдағы екінші тәсіл арқылы жазуға болады.Осы жылы «Тіл- қазына» ұлттық орталығы жаңа әліпбидің және оның емле ережелерінің мобильдік қосымшаларын дайындады. Енді әрбір азаматтың қалта телефонында әліпби нұсқасы, емле ережелер жинағы болады. Яғни әркім өз телефонынан жаңа жазуды үйрене алады. Сонымен бірге Қазлатын.кз деген порталда іске қосылды. Қазлатын.кз – ұлттық порталынан қазақ әліпбиінің латын графикасына көшу барысы жайындағы барлық деректі таба аласыздар. Емле ереже, жаңа әліпбидегі әріптердің таңбалануы мен жазылуы, дұрыс дыбысталуын тыңдау секілді айдарлары бар. Бұл портал латын графикасын үйренуге арналған қосымшаларды жүктеу жолдарын да көрсетеді. Порталдағы Қазлатын.кз көпфунксионалды конвертері талай жанға көмекші құрал болары анық. Онда электронды мәтінді кирилден латынға, төтеге және керісінше аудару қызметтерін кез-келген адам пайдалана алады. Пайдаланушыға ыңғайлы болу үшін дайын мәтінді көшіріп салу немесе арнайы бетте жаза отырып, ілеспе сәйкестендіруге де болады. Қолданушыларға ұсынылатын мүмкіндіктер мұнымен шектелмейді. Емле, құжат, сөздікқор сияқты тілге қатысты танымдық сайттардың орталықтандырылған іздеу жүйесі де Қазлатын.кз ұлттық порталының басты бетінде орналасқан.

Сонымен қатар алғаш рет машиналық оқыту негізінде тілді оқытуға арналған веб-сервис – Тіл-құрал.кз порталы әзірленді. Портал қарапайым деңгейдегі мемлекеттік тілді әр түрлі инновациялық тәсілдер арқылы оңай әрі жылдам үйренуге жол ашады. Порталда латын графикасы негізіндегі қазақ тілінің әліпбиі мен жаңа емле ережесін өздігінен меңгертуге арналған арнайы тапсырмалар әзірленген.Мемлекеттік тілге арналған веб және ИТ инфрақұрылым құру бойынша СӨЗДІКҚОР.кз порталы да әзірленген болатын. Ол – әртүрлі салалық сөздіктер мен тұрақты сөз тіркестерін, қазақ тіліндегі көне сөздерді, кірме сөздерді, аймақтық және ақпараттық технологиялардың даму кезеңіндегі жаңа технологиялық сөздердің мағынасьын көруге мүмкіндік беретін платформа. СӨЗДІКҚОР.кз порталының іздеу жүйесі арқылы сөздердің дефинициясын, синонимін, антонимін, омонимін, фразеологиялық тіркесте немесе сөйлем ішінде кездесуін бір бетте көруге болады.Сонымен газет оқырмандарына арналған екі жеті де 1 рет шығатын «Қазақша оқы, латынша джаз» айдары бойынша жаза білуді және оқуды да үйренуге де болады.

Баян Сәруарқызы

қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры


Жаңа әліпби – болашаққа бастар жол

 

Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы арқылы «қазақ әлібиін латын графикасына көшіру» міндетін жүктеп, жаңа әліпбидің нақты нұсқасы бекітілгеннен бастап, жергілікті жерлерде мекеме, бұқаралық ақпарат құралдарында телеарна атаулары, жарнамадағы мәтіндер, тағысын тағылар латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиімен жазылып жүргені белгілі.

Бұдан халықтың жаңа жазу реформасын ұлттық жаңғырудың бастамасы ретінде қоғамның жақсы қабылдағанын көруге болады. Алайда жазу барысында кей әріптердің қиындық туғызып, екіұшты оқылып, жазылатынын тілші ғалымдар да, мамандар да айтып келеді. Бұл жөнінде Президентіміз Қ.Тоқаев "Әліпбиді латын қарпіне көшіру туралы тарихи шешімнің қабылданғанына екі жылға жуықтады. Бірақ қарпімізде әлі де олқылықтар бар. Тіл мамандары жаңа әліпбиді жетілдіруі керек» деген болатын. Осыдан соң жауапты орындар жаңа әліпби мен емле ережелерін талқылау, талдау жұмыстарын өз қолдарына алып, егжей-тегжей зерттеп, зерделеу жұмыстарын да бастап кетті.

Сонау ғасырлардан қалған ұлы мұра – тіліміздің көркем, әрі келешегі кемел болуы үшін тынбай тер төгіп, жан-жақты пікірлерге құлақ асып, соңғы әрі нақты нұсқаны қабылдау керек.

Тіл саласына тікелей қатысы  бар  мәселелерді айтпағанның өзінде латын әліпбиіне көшкенде не ұтамыз дейтін болсақ, алдымен, қазақ зиялы қоғамын қалыптастыратын ұлттық тіл ыңғайындағы жазу болады. Екіншіден, өзгерген жазу жалпытүркілік ортақ мәдениет кеңістігін құру үшін қажет. Үшіншіден, қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру арқылы жазуды қайта меңгереміз. Өзгерістегі жазу арқылы қазақ тілін білмейтін өзге ұлт болсын, өз ұлтымыз болсын тілді үйренуге мүмкіндік алады. Төртіншіден,  тіліміздің мемлекеттік мәртебесіне ықпал етеді. Ең бастысы латын әліпбиіне көшу – ұлттық мүддеге арналған әрекет болуы тиіс. Латын әліпбиіне көшсек, асығымыз алшысынан түседі деп арқаны кеңге салуға да болмайды. Кез келген жаңалықтың өзінше оң жане теріс жақтары болады. Сол себепті жарқ еткен жаңалықты жағымды көңілмен қарсы алған абзал.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, келешекте ендігі жаңа әліпбиіміздегі өңдеу, жөндеу жұмыстары нәтижелі  шығып, мәңгілік елдің тілі мемлекеттік қана емес мәртебелі тілге айналғанын көрейік! 

 

Жазира Муханбетжанова,

Тілдерді оқыту  орталығы


Латынграфикалы   жазу  талқылануда

 

«Латын графикасындағы әліпбиге көшу мәселесінде

асығыстық танытуға болмайды.

Тыңғылықты, тексерілген ұстаным талап

етіледі. Жан-жақты сараптау және жаңа әліпбидің

барлық аспектілерін әзірлеу қажет.
Ғалымдарымыздың салмақты

пікірлерін күтеміз»

 

Қазақстан Респуликасының Президенті

Қасым-Жомарт Тоқаев

 

Латын графикалы жаңа әліпбиге  көшу жұмыстары  бірнеше  кезеңде, бірнеше міндет  пен бағытта  жүргізіліп  жатқаны  баршаңызға  мәлім.  2017 - 2020 жылдар аралығында  жер - жерлерде  түрлі  тіл форумдары, коференциялар, семинарлар,  кездесулер  өткізілуде. Сонымен қатар, 40 –қа жуық  жоба да ұсынылды.  Жаңа әліпбиді әзірлеуде  апострофтар мен акуттардың  орнына «умлаут» ұсынылды.  Кейбір дауыссыздар үшін «бревис», «седиль»  диакритикалық  белгілері  де енгізілді. Осыған байланысты, жаңа әліпбидің басты әзірлеушілері -Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының  ғылыми  ұжымы  мен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының  ғалымдары  тығыз байланыста  әлі де қарқынды жұмыс атқаруда.

Елімізде төтенше жағдайдың енгізілуіне байланысты және азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында осы жылдың 16 наурызынан бастап іс шараларды қашықтан онлайн өткізу режиміне көшкен болатынбыз. «Қостанай облысы әкімдігінің тілдердерді дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесінің  қолдауымен «Тілдарын» облыстық тілдерді оқыту орталығы осы жылдың 22 мамырынан бастап латын графикасына көшуге байланысты жұмыстарды ілгерілету және көпшілік қауымға  насихаттау мақсатында қашықтан Facebook әлеуметтік желісінде және Instagram парақшасында тікелей эфир  ұйымдастыруда. Атап айтсақ, Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл – Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері орфография жұмыс тобының мүшесі,ф.ғ.к,. Г.Мамырбек  «Жаңа әліпбиді жетілдіру жұмыстары» тақырыбында онлайн дәріс оқыды.Тікелей эфирдің бейнежазбасын 6 сағаттың ішінде 346 адам қарап, тыңдаған. «Латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің фонетикалық-фонологиялық негіздері» тақырыбында сертификатталған  тренер Ғ.Сапарбекқызы Facebook желісінде өткізді. Онда қарастырылған мәселелер; латын графикасына негізделген  әліпбидің  жобалары, қазақ әліпбиінің фонетикалық - фонологиялық негіздері, емле ережелеріне сәйкес әдістемелік ұсыныстар және тағы да басқа мәселелер айтылды. Сонымен қатар, «Латынграфикалы  жазу жүйесі: емледегі өзгерістер» атты республикалық онлайн вебинары өтті. Вебинарда  әліпби,орфография мәселелері,кирилнегізді қазақ әліпбиіндегі қазақ тіліне тән емес дыбыстарды таңбалайтын әріптер, жаңа емле ережесі бойынша шетелдік сөздердің жазылу нормалары сөз етілді. А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі иниституының басшысы, филиология ғылымдарының  кандидаты Анар Мұратқызы «Шетелдік сөздердің орфографиялануы және орфоэпиясы» тақырыбында  онлайн вебинар, сондай-ақ, облыстық тіл басқармасының бөлім басшысы К.Бимағанбетов тікелей эфирде «Қазақ тілін латын графикасына көшірудің алғышарттары» тақырыбында  олайн дәріс өткізді. Ал, біздің орталықта  қазақ тілін латын графикасына көшіру мәселесі бойынша  әр түрлі тақырыпта  қашықтан онлайн  дәрістер оқылуда.

Қазіргі таңда тек екі, үш таңбаны ғана түзету жасап,  бастапқы сатысының  мәрелі кезіне таяп қалған да сияқтымыз. 

 

Баян Саруарқызы

Арқалық қалалық тілдерді оқыту орталығының директоры