«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ
0
Тарихи, табысты жасалған таңдау

«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ

 

 

Тарихи, табысты жасалған  таңдау

 

Оқытушы: Б.Молдабекова

 

«... қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық»

ҚР Президенті Н.НАЗАРБАЕВ

 

Тарихи, табысты жасалған  таңдау

(диспут)

 

 

Қазақстан Республикасының Президенті Н. Назарбаевтың 2017 жылғы 26 қазанындағы №569 Жарлығымен Латын графикасына негізделген қазақ тілінің Әліпбиі бекітілді.

Мақсаты: Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н. Назарбаевтың Жарлығымен ( Ақорда, 2017 жылдың 26 қазаны) бекітілген жаңа әліпбимен таныстыру және қазіргі кезеңдегі өзекті мәселенің бірі – қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін талқылау, уақыт талабы дұрыс жасалған таңдау екенін көрсету.

2017 жылы қараша айының 17-і күні Елбасы Н. Назарбаев ұсынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында көрініс тапқан латын әліпбиіне біртіндеп көшу мәселесін талқылау, осы үрдісті уақытында іске асыруды түсіндіру мақсатында орталық қызметкерлері көп жұмыс атқарған.

Бұл іргелі мақаланы біз Мемлекет басшысының игі бастамаларымен жүзеге асқан «Мәдени мұра» және «Халық – тарих толқынында» бағдарламаларының заңды жалғасы сияқты, Мәңгілік Ел мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін көрсетіп берген тұжырымдамалық бағдарлама ретінде қабылдадық.

Рухани жаңғыруымыздың жаңа басым бағыттарын айқындап берген бұл бағдарламалық мақаланы, автордың өзі атап көрсеткендей, «тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы» деп бағалауға лайық. 

Ел руханияты мен мәдениетіне айрықша жанашырлықпен қарайтын елбасы мақалада Мәңгілік Ел болу үшін ұлтымыздың осы екі тірегі де мәңгілік болуы шарт екенін тайға таңба басқандай айқындай отырып, латын әліпбиіне көшудің мән-маңызын дәлелді түйіндермен дәйектеп берген.

Қаріптің таңбадан тамыр тартқанын ескерсек, әліпбиді әлемді билейтін негізгі символдардың қатарына жатқызуға әбден болады. Осы тұрғыдан алғанда әрбір әліпби пайым мен танымнан, талғам мен түсініктен туындайды. Сондықтан, ол қастерлі құндылықтарды сақтайтын ұлттың жадысына, қастерлі кодына айналады.

Әліпби тек мәдениеттің өлшемі, өркениеттің белгісі ғана емес, ол – ұлттың таңбасы, елдіктің айшығы, мемлекеттің тәуелсіздігі мен тұтастығын айқындайтын символдардың бірі. Бұл тұрғыдан алғанда таңба таңдау – өркениет жолын да таңдау деген мағына береді. Сондықтан, таңбасын өзгерту, әліпбиді алмастыру туралы қабылдаған шешімі арқылы Елбасы қазақ елінің тәуелсіздігін бекемдейтін, тұтастығын нығайтатын, Мәңгілік Ел мұратын тұғырлы ететін тарихи таңдауын жасады деп ойлаймыз. 

Жаңа қаріп қашанда жаңарған елдің нышаны ретінде көнені келмеске кетіріп, ойды отарсыздандырады, сананы сілкіндіреді, жадыны жаңғыртады, мәдени тұтастықты орнықтырады, ұлттың қуатын арттырып, оның ақпарат кеңістігін дербестікке жетелейді. Бұл тұрғыдан алғанда әліпби өзгерту ісі өз қалауымен астана ауыстыру сияқты тарихи маңызы зор мәселе деп білеміз. 

Еуразия кеңістігін ен жайлаған байырғы бабаларымыз Мәңгілік Ел мұратын жады тастарға өшпестей етіп таңбалап жазған. Сондықтан, ашық аспан астында аласапырандарды артқа тастап, бүгінге жеткен жәдігер жазулар тағылымды тарихымыздың шежіресі іспетті. Мың жылдан астам уақыт араб әліпбиін қолданған халқымыз орасан зор мәдениет қалыптастырды. Араб әліпбиі әрі қасиетті кітаптың қарпі болғандықтан, оны үйрену де ғибадат саналды. Сондықтан, әліпбиді өзгерту арқылы рухани қорғансыз қалған халықтың арасында шоқындыру саясатын жүргізуді көздеген патша үкіметі қазақ жеріне 1861 жылдан бастап кирилл графикасын енгізе бастады.

Төңкеріс арқылы билік басына келген большевиктер де жаңа кеңес адамын қалыптастыру үшін әуелі латын, артынша кирилл графикасын енгізді. «Латындандырылған қазақ жазуын орыс графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру туралы» заң ешқандай қарсылықсыз күшіне енді. Жаңа әліпби жасалғанда қазақ тілінің қағидаттары ескерілген жоқ, тіпті оған мүлдем қолданылмайтын таңбалар енгізілді.

Бас-аяғы он бес жылдың ішінде үш әліпби өзгертудің салдары халқымызға отызыншы жылдардағы қанды репрессиядан кем соққан жоқ. Жаппай жазалау науқанында халықтың қаймағы іспетті мыңдаған тұлға атылып, айдалып кетсе, күштеп таңбаны таңу арқылы еңсесі түскен елдің жадысын өшіруге, ұлттың мәдени-рухани кодына өзгеріс енгізуге қадам жасалды. Айта кетерлік жайт, кирилл графикасына күштеп көшірілген елдер негізінен мұсылман халықтар еді, ал өзгелері өздерінің ұлттық төл әліпбилерінде қала берді. Бүгінде өз таңбасында қалған ұлттардың тілдік заңдылықтарын сақтап қалғаны белгілі. Демек, тілді бұзу, оның заңдылықтарын өзгерту негізінен әліпби арқылы жүргізілген. 

Кеңестік кезеңде терминологияда қазақ тіліне өзге тілдерден енген сөздерді ұлттық қалыпқа сәйкестендіру, ал орыс тілінен енген сөздерді сол қалпында қабылдау туралы арнайы шешім болған. Сондықтан, 70 жылда қалыптасқан терминдер арқылы кеңестік кеңістік қалыптасты. Соның нәтижесінде қазақ халқы өзінің сөйлеу мәнерінен жаңылды. Батыстан енген терминдерді кириллица арқылы қабылдап, түпнұсқадан алшақтай түсті. Бұл үрдіс әлі де жалғасып келеді. 

Мақалада айтылғандай, латын қарпіне көшу мәселесі алғаш көтеріліп отырған жоқ. Елбасы 2006 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сессиясында және 2012 жылы жария еткен «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында 2025 жылға дейін латын қарпіне көшу туралы қадап айтқан еді. Ал бүгінгі мақаласында Елбасы осы ауқымды жобаға уақыт ұттырмай, қазірден бастап кірісуіміз керек екенін жазды.  

Расында, қазіргі қолданыстағы әліпби жазуды, сол арқылы қоғамдық сананы үшке жарып тұрғаны жасырын емес. Соның салдарынан төлқұжаттағы аты-жөніміз, тіпті ұлтымыз бен ұлысымыздың аттары да үш түрлі жазылып жүр. Мысалы, Қазақстан, Казахстан және соның транскрипциясы негізінде Kazakhstan деп жазамыз. Латын қарпіне көшкен жағдайда мұны Qazaqstan деп тілдік ерекшелігімізді сақтай отырып, бірақ сөзбен жазуға мүмкіндік аламыз. 

Әліпби алмастыру арқылы біз қосамжар орфографиядан құтылып қана қоймаймыз, шет тілдерінен енген сөздерді де ұлттық ерекшеліктерге икемдей аламыз. Латын қарпін қазақ емлесі арқылы қабылдау арқылы бұл мәселе бір ізге түседі. Орфографиялық, орфоэпиялық тұтастықтың тілдік тұтастыққа бастайтынын ескерсек, бұл түрлі этностардың қазақша оқу арқылы тіл сындыруына, сөйтіп мемлекеттік тілдің төңірегіне топтасуына үлкен септігін тигізеді. Cондықтан, Елбасы мақаласында атап өткендей, латын қарпі бұқаралық сананы өзгертіп, қоғамның ішкі тұтастығын қамтамасыз ететін, еліміздегі барша этностарды біріктіріп, Біртұтас Ұлтты қалыптастыратын басты құралдың бірі болмақ. Қазақстан тілдік тұрғыда тұтас болса, өзге елдердегі қандастарымыздың атажұртқа, қара шаңыраққа тартыла түсері сөзсіз. Оның үстіне, кезінде кириллицаның әрбір түркі халқы үшін бөлек-бөлек жасалғанын ескерсек, жаңа әліпби арқылы Қазақстандағы тамырлас халықтардың да қазақ тіліне жақындығы арта түсері анық. Бұл қазақ тілінің халықаралық деңгейде қолданылуына, бәлкім болашақта түркі тілдерінің тірегі болуына да жол ашуы мүмкін. 

Қазірдің өзінде латын қарпі мектептерде оқытылып, электронды ақпарат құралдарында кеңінен қолданылуда. Интернет, әлеуметтік желілерде бұған көшіп кеткендер аз емес. Бірақ олар латын әліпбиінің әртүрлі нұсқаларын пайдалануда. Сондықтан, Елбасы айтқандай, 2017 жылдың соңына дейін білікті ғалымдар тарапынан әзірленетін қазақ әліпбиінің бірыңғай стандартты нұсқасының мақұлдануы бұл мәселені бір ізге түсіретін еді.

Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, латын қарпіне көшудің терең логикасы бар. Бұл, мақалада айтылғандай, қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникация мен ғылымның дамуына байланысты екені әмбеге аян. Жаңа әліпби арқылы қазақ елі әлемдік өркениетке қадам басады. Сонымен қатар, латын әліпбиінің түбі бір туыс елдермен өзара байланысты арттырудың да бір жолы екені анық. Сондықтан, Қазақстанның әліпбиі болашақта оның қара шаңырақ ретінде түркі әлеміндегі жетекшілік орнын одан әрі нығайта түседі деген ойдамыз.

AddThis Sharing Buttons

Share to FacebookShare to TelegramShare to WhatsAppShare to VkontakteShare to TwitterShare to Еще...

Диспут барысында қатысқандар өз ойларын айтып, латын тілінде «латынша оқи аламыз, жаза аламыз» тренинг өткізілді. Латын әліпбиінде жазылған журнал мақаларын оқып, өз аттарын жаңа әліпбимен жазып көрді.

«Өз ойым» тренинг барысында қатысушылар латын әліпбиіне байланысты ойларын айтып шықты.

«Өз ойым»

  • Махатова Айдана: Латын әліпбиі әлемдегі ең кең тараған әліпби болып табылады. Бұл бүгінгі күннің объективті шындығы, сондықтан қазіргі заманғы әлем латын әліпбиінің әлемі болып табылады.
  • Смагулов Нурбол : Түркия да латын әліпбиіне көшті, бірақ ол одан тілін жоғалтқан жоқ, латынға жақынырақ болды, прогреске, гүлденуге жақындады.
  • Тарғын Бахтияр : Мен латын әліпбиіне көшуге және тіл саясатындағы өзгерістерге қарсы емеспін.
  • Мусаев Жанабай : Дамыған елдерде латын қарпі пайдаланылады, біз латын әліпбиін қолдана отырып, оқи аламыз, жаза аламыз. Бұл уақыттың заманауи талабы.
  • Нурханов Қайрат : Біздің тарихымызда біз латын қарпін қолдандық, біздің аталарымыз бен әжелеріміз латынша жазған және оқыған. Менің ойымша, балалар да үйренеді және жаңа әліпбиді де оңай пайдаланады
  • Шокаков Асылбек : Бүкіл әлем латын қарпін қолданады. Халықаралық деңгейге шығу үшін латын әліпбиі ең қолайлы әліпби. Менің ойымша, жастар мен ересектерде қиындықтар болмайды.

Қорыта келгенде жас мамандар  тілдің жаңа форматын меңгеруде қиындықтар жоқ дейді, одан әрі ересек, егде жастағы адамдар латынға көшуді өзін-өзі дамытудың мүмкіндіктері деп қарастырады және бұл көшуді уақыт талабы, дұрыс жасалған таңдау деп санайды. Қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін қолдайтынын білдірді.

{gallery}-1/2{/gallery}