304 ТЫҢДАУШЫҒА СЕРТИФИКАТ ТАБЫСТАЛДЫ
Мемлекеттік тілді өзге ұлт өкілдеріне оқытудағы басты мақсат – тыңдаушыларды қазақ тілін оқытудың деңгейлік жүйесінің сатыларымен төменнен жоғарыға қарай көтере отырып, әлеуметтік коммуникативтік міндеттерді әртүрлі тұрмыстық, мәдени, кәсіби және ғылыми қызмет қатысымында қажетті деңгейде меңгерту. Міндеті – тіл үйренушінің өз бетінше білім алу қабілетін, ақпараттық мәдениетін дамыту, сөйлеу әрекетінің түрлері арқылы ауызша және жазбаша тілдік мәдениетін қалыптастыру, лексикалық қорларын молайту.
2020 жылы ақпан айында 381 тыңдаушы қазақ, ағылшын тілі курстарын бастады. Оның ішінде қазақ тілі курсында – 235, яғни 62%-і қазақ тілін оқитындар, ағылшын тілі курсында – 146 тыңдаушы. Орталықтан қазақ және ағылшын тілдерін қала бойынша 26 мекеме үйренуге ниет білдірген. Олардың ішінде, Арқалық қазақ жасөспірімдер театры, өңірлік аурухана, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық колледжі, медициналық, политехникалық, экономикалық колледждері, Прокуратура, Сот, А.Байтұрсынов атындағы бастауыш және Ы.Алтынсарин атындағы гимназия, «Раушан», «Алпамыс» балабақшалары мен Б.Байқадамов атындағы саз мектебі мен Қосымша білім беру орталығы сынды мекемелерді айтуға болады.
19 наурыздан бастап, елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты сабақтарды және жылдық жоспарға сәйкес тиісті іс-шараларды да қашықтықтан өткіздік.
Орталық оқытушылары сәуір айынан бергі сабақтарын презентация, аудио, бейне түрінде әзірлеп, инстаграмм, фейсбук әлеуметтік желілері мен орталықтың ресми сайтында тұрақты жариялап отырды: ресми сайтта: қазақ тілінен – 47, инстаграммда – 88, фейсбукта – 88; барлығы – 223, ағылшыннан – ресми сайтта - 17, инстаграммда – 63, фейсбукта – 60, барлығы – 140.
Жыл қорытындысы бойынша, 381 тыңдаушының 304-іне сертификат берілді, оның 77%-і мемлекеттік тіл курсын аяқтаса, қалған 33%-і ағылшын тілі курсын бітіргендер. Сертификат табыстау рәсімі онлайн режимде ZOOM платформасы арқылы өтті.
Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы алдағы уақытта өз жұмысын жүйелі жүргізуді жалғастыра бермек! Осы ретте тіл саясатына деген ерекше ықылас танытқан жоғарыда аталған мекемелерге және басшыларына алғыс білдіреміз және барша тыңдаушыларды курсты табысты аяқтауларымен құттықтаймыз!