ҰЛТ ҰСТАЗЫ
Оразова Гулхашима Куандыковна
«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық
тілдерді оқыту орталығы» КММ директорының м.а.
педагогика және психология ғылымдарының магистранты
Биылғы жыл Торғай топырағында түлеп ұшқан бүгінгі күні тек Торғай ғана емес исі қазақ елінің мақтанышына айналған Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов 150 жылдығы.
Тіл мәселесін көтергенде ойымызға еріксіз ағартушы, ғалым, «Ұлт ұстазы» Ахмет Байтұрсынұлы кіреді. Тіл мәселесі қашан да мемлекет үшін өзекті мәселе болып қала береді. Өйткені «Тілі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деп атап көрсеткен ұлт ұстазы - Ахмет Байтұрсынұлы. Ол араб жазуына негізделген қазақ жазуын реформалап, оны шетелде тұратын миллиондаған қазақтар үшін қолдануға мүмкіндік берді. 1912 жылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінде қолданылмайтын таза араб әріптерінің барлығын жойып, қазақ тіліне тән әріптерді қосты. «Жаңа Эмле» («Жаңа емле») деп аталатын жаңа алфавитті Қытай, Ауғаныстан және Иранда тұратын қазақтар әлі күнге дейін қолданады.
Байтұрсынов Торғайдағы Сарытүбек елді мекенінің тумасы. Заманының қиындығына қарамастан қан тамып тұрған, саясаттың қызыл қылышынан қаймықпастан ұлт мәселесін, тіл мәселесін көтерді. Ештеңеден қаймықпайтын қайсарлығы мен өр мінезі, табандылығы мен ұлтттық рухы кейінгі ұрпаққа үлгі.
Осы орайда айтайын дегенім тағдырымның ұлт жанашыры Ахметтей кемеңгердің туған жерімен байланыстырғанына қуанамын. Кемеңгердің өзін көрмесем де басқан жерімен жүріп, өскен жерін көріп, туған үйінде болу бақыты бұйырғанын ерекше айтқым келеді. 2010 жылы «Ауылым алтын бесігім» өлкетану жобасы шеңберінде Торғай жеріндегі Ақкөл ауылында болып, Сарытүбектегі Ахметтін үйін өз көзіммен көрдім. Ол жерде болған әрбір адамға жердің қасиетінің өзі бір бөлек сыр, рухыңды көтеріп, ұлттық намысыңды арттырады.
Қазақ әліпбиінің негізін қалаған Ұлт Ұстазының биыл 150 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО көлемінде кең ауқымды аталып жатқаны қуантады. Ұлт ұстазының мерейтойына арналған айтулы шаралар Елордамыздан бастау алып, рухани көсемнің туған жерінде жалғасын тауып жатыр.
Сол шараның бірінде сөз алған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса: «Әлемде барлық елде Ұлттың ұлы тұлғаларының мемориалдық кешені ең алдымен олардың туған жерінде болады. Киелі Жидебайды облыс орталығынан тым алыста деп Ұлы Абайдың мемориалдық кешенін Өскеменнен немесе Семейден салған жоқпыз ғой. Ұлыларға тағзым ету үшін ел алысты жақындатып, Абай ауылына барады. Сол секілді Ұлттың ұлы көсемі Ахмет Байтұрсынұлының әруағына тағзым ету үшін алыстағы Ахмет ауылына баруы керек» - деген ұсыныс айтты.
Қазіргі таңда Ахметтің үйінің қасынан мемориалдық кешен салу бойынша қаржыландыру қарастырылып, жұмыс жүргізіліп жатыр.
Бұл ұлт ұстазының алдындағы баршамыздың басты борышымыз деп білеміз.