2025 жылдың 30 мамырында Қостанай облысы әкімдігі мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен «Үздік оқытушы - 2025» облыстық байқауы өтті.
Мақсаты қазақ тілінің оқытушылары мен мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін анықтау мен қоғамдағы беделін арттыру, өзара тәжірибе алмасу, әдістемелік қолдау көрсету.
Іс-шараға қалалық, аудандық тілдерді оқыту орталықтарының 9 оқытушысы қатысып, өз әдістемелік тәжірибиелерімен бөлісті. Байқауға «Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ қазақ тілі курсының оқытушысы Баймағанбетова Гүлжазира Жұмақанқызы қатысты. Шара барысында мемлекеттік тіл оқытушылары өзара бақ сынасып қана қоймай, кәсіби біліктіліктерін жетілдіріп, ересектерге мемлекеттік тілден сабақ берудің сапасын арттырудың оңтайлы әдістерімен бөлісіп, тәжірибе алмасты. Қатысушылар «Бейнесабақ», «Сұрақ-жауап», «Жағдаяттық тапсырмалар» кезеңдері бойынша сынға түсті.
Оқытушылар «Бейнесабақ» кезеңі бойынша бейнесабақтарын әлеуметтік желіге жүктеу арқылы лүпіл және пікірлер жинады. «Сұрақ-жауап» кезеңі бойынша Ахмет Байтұрсынұлының қазақ тілі мен әдебиеттануға, терминологияға қосқан үлесі жайлы, жалпы қазақ тілін оқыту әдістемесіне байланысты 40 сұрақ ұсынылды. Қатысушыға 40 сұрақтың екеуін таңдап алу мүмкіндігі беріліп, таңдалған 2 сұраққа дайындықсыз, толық жауап беру талабы қойылды, «Жағдаяттық тапсырмалар» кезеңі бойынша қатысушыларға А1 қарапайым деңгейіне сәйкес келетін, тыңдаушылар өзге ұлт өкілдерінен тұратын топ ұйымдастырылды. Оқытушы сынама топтағы тіл үйренушілерге сөйлеу әрекетінің 4 дағды бойынша (оқылым, жазылым, тыңдалым, айтылым) дайындалған билет бойынша тапсырмаларды орындатады. Байқаудың бұл кезеңі жағдаяттық тапсырмаларға негізделді.Сынама топпен сабақ өткізді.
Байқау нәтижесі бойынша өз тәжірибесін көрсетіп, бас жүлдеге орталығымыздың оқытушысы Баймағанбетова Гүлжазира Жұмақанқызы ие болды.
Жеңімпаз мәдениет басқармасы басшысының атынан диплом және ақшалай жүлдемен марапатталды.
Аталған байқауда жүлдемен оралған оқытушымызды қала әкімі Әмірхан Асанов 5 маусымда өткен мәдениет саласының қызметкерлерімен арнайы кездесуінде сый-құрмет көрсетіп, өз құттықтауын білдірді.
«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ ұжымы