«Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ
0
Жаңа әліпби – жетілдірілген нұсқада

Қазіргі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың және ана тіліміздің әрі қарай қанат жаюына бастайтын басты бағыт – қазақ әліпбиінің латын графикасына көшуі. Сөйтіп қазақ тілінің жазу мәдениеті жаңғырып, жаңа әліпбиді  ұлттық тілімізді сақтау кодына айналдыра аламыз. Ол жайында Елбасы: «...Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» - деген болатын. Олай болса, әліпби – ұлттық жазудың, ал жазу – ұлттық мәдениеттің ең басты көрсеткіші екенін ұғынғанымыз абзал.

Ағымдағы жылдың 28 қаңтарында ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің қатысуымен Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырысында мақұлданған жетілдірілген әліпбидің құрамындағы әрбір таңба – ақпаратты, мазмұнды сақтаушы, халықтың сөйлеу, жазу мәдениетінен хабар беруші, тілді және оның негізгі заңдылықтарын сақтаушы кодтар. Оның құрамында 31 таңба ұсынылған. Алдыңғы нұсқалардан ерекшелігі – тек қазақ тілінің төл әріптерінің өзіндік ерекшеліктеріне сәйкес /яғни дыбыстық өзгешелігіне қарай дауысты мен дауыссыз, қысқа, ызың, т.б. қасиеттеріне сай/  умлаут, бревис, макрон, седиль диакритикалық таңбаларымен берілуі. Ал кирилнегізді әліпбидегі 9 әріпті (ю, ё, я, ь, ъ, ц, ч, щ, э) қазақ тілінің дыбыстық ерекшелігіне қарай икемдеп айтатын боламыз.

Жалпы, қазіргі таңдағы қазақ әліпбиін латын графикасына көшіруге байланысты атқарылып жатқан жұмыстар, батыл қадамдар, шешімдер – ұлтымыз үшін, оның болашағы үшін жасалған маңызды қадамдар деп білемін.

Жазира Мизамханқызы,

Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығының әдіскері