2021 жылдың 28 қаңтарында ҚР Премьер-Министрінің төрағалығымен өткен қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия отырыснда жетілдірілген әліпби жобасы, емле ережелері мен пернетақтаның үлгісі мақұлданды. Алдағы уақытта әліпби жобасы мен емле ережелері ҚР Президентінің бекітуіне жолданбақ.
Осы орайда, «Арқалық қаласы әкімдігінің қалалық тілдерді оқыту орталығы» КММ қала бойынша латын графикасы негізіндегі жетілдірілген әліпбидің, емле ережелерінің жобаларын, латын графикасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиіне көшудің орындылығын түсіндіруді жалғастыру мақсатында Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы бекіткен медиажоспарға сәйкес 16 ақпан күні сағ.11:00-де «Жетілдірілген әліпби жаңалықтары» тақырыбында тіл мамандарымен онлайн кездесу өткізді.
Аталған шараға Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институты, Н.Құлжанова атындағы Торғай гуманитарлық, Арқалық политехникалық, медициналық, Қазтұтынуодағы көпсалалық колледждері мен қала мектептерінен барлығы 30-ға жуық тіл мамандары қатысты.
Онлайн кездесу барысында Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасының аға оқытушысы, педагогика ғылымдарының магистрі, доцент А.Ә.Абдуллина «Жетілдірілген әліпбидегі диакритикалық таңбалар» тақырыбында баяндама оқып, қатысушыларға аталған белгілердің қыр-сырын таныстырды.
Сондай-ақ, тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ж.М.Мұханбетжанова қазақ тілін латын графикасына көшіру жұмыстары туралы ақпарат беріп, жетілдірілген әліпбидің жаңалықтарын сөз етті. Кездесу қатысушылары мақұлданған әліпбидің алдыңғы бекітілген ресми нұсқасына қарағанда едәуір тиімді екенін айтып, шара барысында алған әсерлерімен бөлісті.
Тілдерді оқыту орталығының әдіскері Ж.Мизамханқызы